Абай облысынан "Қазақстанның Еңбек Ері" атанған ұстаз министрмен өткен кездесуде сөз сөйледі
Ашық диалог алаңына айналған басқосудың мақсаты – білім беру жүйесіндегі ұстаз мәртебесін көтеру, педагогтердің қоғамдағы рөлі мен тәлімгерлік тәжірибесін кеңінен насихаттау.
Кездесуге еліміздің барлық өңірінен 100-ге жуық педагог қатысты. Олардың қатарында "Қазақстанның Еңбек Ері", "Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы" атағына ие ардагер ұстаздар, республикалық "Үздік педагог" байқауының жеңімпаздары және білім саласына ұзақ жылдар еңбек сіңірген мұғалімдер бар.
Жиынға Абай облысынан да ардагер ұстаздар қатысты. Соның ішінде "Қазақстанның Еңбек Ері" Алма Шүкіжанова сөз сөйлеп, мұғалім мамандығының мәні мен мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау жайлы өз пікірін білдірді:
"Бұл марапат – бала тәрбиесі мен білім беру жолында өткен жарты ғасырлық еңбектің бағалануы. Мұғалімге көрсетілген құрмет – ел болашағына көрсетілген қамқорлық. Абай облысы ұстаздарының атынан алғысымды білдіремін", – деді тәжірибелі педагог.
Кездесу соңында министр үздік ұстаздарды мектептерге тәлімгер ретінде тарту қажеттігін атап өтіп, жас мұғалімдерге бағыт-бағдар беретін тәжірибе алмасу алаңдарын ұйымдастыруды білім басқармаларына тапсырды.
Сурет: Абай облысы Білім басқармасының баспасөз қызметі