Wednesday 30th of April 2025 05:26:44 PM

Алматыда ондаған ескі үй сүріледі

Биыл Алматыда 78 ескі тұрғын үй бұзылады. Бұл туралы LS-ке қалалық "Капиталдық құрылыс кәсіпорны" (КҚК) мәлімдеді.

КҚК мәліметінше, жаңа реновация бағдарламасына 1930–1980 жылдары салынған, екі қабатқа дейінгі ескі және апатты көпқабатты тұрғын үйлер енгізілген.

Бұлардан бөлек, бағдарлама тізіміне жеке тұрғын үйлер, өндірістік, коммерциялық, қоғамдық және өзге де нысандар енгізілді. Бұл объектілерді аумақ пен инфрақұрылымды кешенді қайта жоспарлау мақсатында жаңарту қажет.

Ағымдағы жылы 78 ескі және апатты үйді сүру жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде 667 меншік иесін көшіруге мүмкіндік береді.

Жобаның жалпы инвестиция көлемі 46 млрд теңгеден асады. Оның ішінде 42,9 млрд теңге инвесторлар мен КҚК қаражатынан қарастырылса, 3,3 млрд теңге бюджет есебінен көшіру қорын толықтыру мақсатында 170 пәтер сатып алуға бағытталады.

Салынып жатқан жаңа үйлердің саны мен қабаттылығы әр нысанның егжей-тегжейлі жоспарлануына, сондай-ақ, инвестор мен КҚК-нің қаржылық мүмкіндіктеріне байланысты анықталады.

Реновацияға жататын нысандар тізімі үш санатқа бөлініп, қазіргі уақытта келісу сатысында тұр. Тізімді бекіту мамыр айына жоспарланған.

I санатқа қайта салынбайтын, сүрілетін ғимараттар кіреді. Олар бас жоспарға сәйкес "қызыл сызықтарда" орналасқан. Бұл учаскелерде болашақта жолдар кеңейтіліп, инженерлік инфрақұрылым тартылады. Мұндай үйлерді мемлекет бюджеті есебінен әкімдік сатып алып, сүреді.

II санатқа инвестиция тарту әлеуеті төмен жобалар жатады, ал III санатқа – инвестициялық тұрғыда тартымды нысандар енеді.

Бұған дейін, LS редакциясы Алматыда үйлерді сүруге 1 трлн теңгеден астам қаражат қажет екенін хабарлаған болатын.