Талғарда Рысқұлов пен Қонаев көшелерінің қиылысында ер адам автобусты ұрлап айдап кетіп, жол апатына ұшырады. |
Әлеуметтік желіде оқиғаның видеосы тарады. Бейнежазбадан автобустың аялдамаға, артынша жолдың жиегінде тұрған жеңіл көлікке соқтығысқанын көруге болады, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Kazinform-ға сілтеме жасап.
Алматы облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, 25 желтоқсанда Талғар аудандық полиция басқармасына Талғар қаласындағы автобус аялдамаларының бірінде белгісіз адам қоғамдық көлікті ұрланғаны туралы ақпарат келіп түскен.
Аталған дерек ҚР ҚК 200-бабының 1-бөлігі бойынша аудандық полицияда тіркелді.
«Талғар ауданының полицейлері жедел іздетіру іс-шараларының нәтижесінде 40 жастағы күдіктіні ұстады. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық жағдайларын толық, жан-жақты және объективті зерттеуді қамтамасыз ету мақсатында тергеу шаралары жүргізілуде», — деп атап өтті ведомстводан.