Демография – ұлт тағдыры. Жаугершілік пен тарихи кезеңдердің қиыншылықтарын басынан өткізген қазақ халқы үшін отбасын құру және ұрпақ жалғастырудың мәні аса зор. Алайда елімізде демография тақырыбымен айналысатын білікті мамандар тапшы. |
Ауадай қажет мамандықты Қазақстанның бірде-бір университеті оқытпайды. Себебі мамандарға ұсынатын жұмыс жоқ дейді сарапшы, Сaravan.kz тілшісіне берген сұхбатта.
«Кезінде 2007-2008 жылдары «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелге 40-қа жуық демограф мамандар оқуға жіберілген. Елге оралған соң, олардың көпшілігі мамандығы бойынша жұмыс таба алмады. Неге? Себебі демограф мамандардың жұмысқа тұруы бүгінгі күнге дейін қиындық туғызып отыр», — дейді Шынар Пазылбекқызы.
Сондықтан, демограф мамандығын ашпас бұрын, оларға біз не ұсына аламыз деген сұраққа жауап беру керек. Даярлау оңай болып көрінгенімен, кейін олар жұмыс таппай қалады. Бүгінде мамандығы бар демографтар басқа салаға бет бұрған. Олардың ішінен елге қызмет ететін білікті мамандар шығар еді, өкінішке орай, олай болмады.
«Жалпы, менің ойымша демограф мамандарды тек ұлттық статистика бюросымен ғана шектемеу керек. Олар мемлекеттік органдардың кез келген саласында да қызмет атқара алады. Елімізде зерттеу орталығы немесе институты құрылса, біз демографиямен кеңінен айналыса аламыз, сондай-ақ енді диплом алған студенттерге де жаңа жұмыс орнын ұсына аламыз»,- деді сарапшы.
Сонымен қатар, бүгінгі күнге дейін қолданылып келе жатқан демографиялық болжамдар елдің даму перспективасына сәйкес келмейді. Сарапшының ойынша, Қазақстанда демография тек адам санының көбеюімен шектеліп қалған. Негізінде, демография салааралық, ғылымаралық байланысы кең сала. Яғни, демографияның экономикалық, медициналық, әлеуметтік және бизнес салалары терең зерттеуді қажет етеді. Әлемдік практиканы елімізге енгізу арқылы біз жақсы көрсеткіштерге жете аламыз.
Болжам бойынша 2025 жылға қарай Қазақстан халқының саны 19,8 миллионды құрауы тиіс еді. Ал 2023 жылдың 14 қарашасында Қазақстан халқының саны 20 миллион адамға жетті. Биыл бұл көрсеткіш тағы 33 546 адамға өсті.
Демек, экономикалық-әлеуметтік және отбасылық сұрақтарды реттеуде халықтың демографиялық өсімі ескерілмей келеді деген сөз.
«Бізде дұрыс ғылыми гипотеза жасау тұсы ақсап келеді. Демографиялық болжамның дұрыс болмауы осыған байланысты. Екіншіден, демографиялық болжамдардың нәтижелері әрдайым жаңартылып тұруы керек. Мысалы, 2000-жылдары Астана қаласы үшін жасалған болжам бүгінгі күні жарамсыз. Ол кезде миграциялық көрсеткіш төмен болды, бүгін Астанаға қоныс аударғандар саны әжептеуір артқан. Сондықтан ұзақ мерзімге жасалатын болжамдар белгілі уақытта, атап айтқанда пандемия кезі, немесе халық санағы сынды өзгерістер негізінде жаңартылып тұруы маңызды»,- деді Шынар Пазылбекқызы.
Жалпы дүниежүзіндегі халық санының өсуі екі факторға байланысты.
Бірінші, жергілікті халықтың туу мен өлім көрсеткіші. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша халық саны 20 033 546 адамды құрады. Оның ішінде 12 451 004 адам – қала, 7 582 542 адам – ауыл тұрғындары, 48,8% – ерлер, 51,2% – әйелдер. Ең жоғары туу көрсеткіші Маңғыстау, облыстарында және Шымкент қаласында тіркелді.
2023 жылы қайтыс болғандар сан 130 596 адамды құрады. Осылайша, бір жылда халықтың табиғи өсімі 257 395 адамды құраған.
Өлім-жітімнің басты себептері:
- қан айналым жүйесі ауруларынан (22,7%),
- қатерлі ісіктен (8,4%),
- жол апатынан (24,3%),
- тыныс алу органдары дертінен (9,8%).
Екінші фактор, ол көші-қон саясаты. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, ел ішінде көшіп-қонушылардың саны 5,8%-ға өскен. Халықтың қоныстану тығыздығы теңсіз және дұрыс реттелмей келеді. Республиканың 3 облысы: Астана, Алматы және Шымкент қалалары негізгі көші-қон ағынын тартып отыр. Ал инфрақұрылым оған төтеп бере алмауда.
Оралманымыз да, мигрант та, сыртқы шетелдік де осы қалаға құмар.
Алматының ауа райы жылы, табиғаты әсем. Халқы көп болғасын оның нарығы да зор, сонша халық тамақ жейді, киім киеді, сұранысы үлкен.
Сәйкесінше бұл шаһар орта және шағын кәсіппен өзін өзі асырай алады. Бұл жерде екі қолға бір күрек жұмыс та табылады.
Мемлекет сыртқы — ішкі көшті реттеп, осы үш мегаполисті соза бергенше, потенциалы бар басқа қалаларға квота бөліп сырттан көшіп келемін деген ағайындарды, басқа да келгіштерді орналастырса болады.
Мысалы, Маңғыстау облысының болашағы зор. Алайда «Жартасты соқпақ» пен пальмалардан басқа қызығары қалмаған ба? Тәулігіне 1,5 миллион төлеп тұратын “Rixos” қонақ үйінен басқа, қалада бір жасыл тал жоқ, қаңыраған көшеде жел ұшырып әкетеді. Потенциалы мықты қала неліктен еліміздің жастарын қызықтырмай отыр? Кезінде мұнаймен халықты шоғырландыра алған қалада бүгін жұмыс өздеріне де табылмай қалды. Егер ірі инвесторлар мен мемлекет тарапынан жаңа кен орындары бой көтеріп жатса, жастарымыз барар еді.
Ал солтүстік аймақ – халықтың тығыздығының төмендігі, еңбекке қабілетті жастардың өңірден кетуі, қартаю үрдісінің орын алуы, туу мен экономикалық белсенділіктің құлдырауымен ерекшеленіп отыр.
Міне, елдің даму перспективасына осындай ішкі көші-қон мәселесі бірқатар қиындықтар әкеледі. Сондықтан азаматтарды халық сирек аймақтарға қоныстандырудың, қызықтырудың жаңа тетіктерін қарастыру керек.
2023 жылы республикаға келгендер саны 25 399 адамды, елден кеткендер саны 16 055 адамды құраған. Еліміздің негізгі көші-қон алмасуы ТМД елдерімен жүзеге асады. ТМД елдерінен келгендердің үлесі – 89,1%, осы елдерге кеткендердің үлесі – 75,4%.
Мамандардың айтуынша, соңғы он жылда туу көрсеткіші 16,9% өскен. Ал 2020-2021 жылдарды тіпті салыстыруға келмейді, себебі карантинге сәйкес келген кезеңде ең жоғарғы туу көрсеткіші тіркелді: 446 491 бала өмірге келген.
Халықтың өмір сүру сапасы жақсарған сайын, бала туу көрсеткіші төмендей береді. Елді алаңдатып отырғаны енді осы мәселе. Мамандар бұны «демографиялық өткел» дейді.
«Демографиялық өткел теориясы бірнеше кезеңге бөлінеді. Екінші өткелде бір әйелге кем дегенде екі баладан шақ келмесе, бұл халықтың өсіп-өнуін қамтамасыз ете алмайтын кезең деп аталады. Бүгінгі таңда осы екінші деңгейден Америка, Канада, Аустралия, Жаңа Зеландия, Жапония, Оңтүстік Корея, тіпті Ресейдің мемлекетіне дейін өткен, яғни аталған елдерде бала туу көрсеткіші өте төмен», — дейді сарапшы.
Туу көрсеткішінің төмендеуінің белгілі себептерінің бірі — әйел адамның білім алып, мансап құруы, өзін-өзі дамытуы, қамтамасыз ете алуы. Өмірде өз орнын тапқан әйелдер тұрмыс құруға асықпайды. Өздері үшін, ер адамсыз, яғни некеге тұрмай-ақ баланы туып алуы. Бұлардың барлығы демографиялық өткелдің екінші деңгейінің белгілері.
«Бұл үлкен теория Еуропа елдерінен бастау алған. Көптеген мемлекеттер осы теорияның ізімен келе жатыр. Қазақстан осы деңгейге жетеді ме, жетпейді ме, бұл үлкен сұрақ. Себебі біз бір жағынан әлі де дәстүрлі халыққа жатамыз. Елдегі туу көрсеткішінің әлі күнге дейін жоғары деңгейде болуы, әсіресе, Оңтүстік және Батыс өңірлерінің көрсеткішіне тікелей байланысты. Себебі осы өңірлер қазақи салт-дәстүрлерді берік ұстанып келеді. Баланы басты құндылық деп есептейтін аталмыш облыстардың халқы еліміздің туу көрсеткішін жақын арада төмендетеді деп ойламаймын»,- дейді демограф.
Урбанизация мәселесін де ұмытпаған жөн. Ауыл адамдарының үлкен қалаларға қоныс аударуы олардың репродуктивтік ұстанымына үлкен әсерін тигізуі мүмкін.
Халық санының өсуіне туу көрсеткіші тікелей әсер ететіні белгілі. Оны түсініп отырған мемлекет халық санын арттыру мақсатында аналар мен балаларды қолдау тетіктерін жүзеге асырып келеді. Әйтсе де, көпбалалы отбасылардың басым бөлігі әлі де кедей жағдайда өмір сүріп келе жатыр. Адами капиталды, еңбек ресурсын дамытамыз десек, ең алдымен осы туылып жатқан балалардың білімді, сауатты, дені сау азамат болуына қалай әсер ете аламыз деген өзекті сұрақтың шешімін табу керек. Бұл әлеуметтік, денсаулық сақтау және білім саласымен бірлесе пысықталады. Елге кім келіп жатыр, кім кетіп жатыр, олар экономикамызға қандай әсер етіп жатыр деген сұрақтарға жауап беру керек. Халықтың жас құрылымы да өзгеріп келеді. Өмір сүру сапасы артқан сайын, кәрі адамдардың үлесі арта береді. Олардың саны артқан сайын, мемлекет оларды қалай қамтамасыз етеді? Туу көрсеткіші төмендеп кеткен жағдайда, еңбек ресурсын кім қамтамасыз ете алады?
Көріп отырғанымыздай, шешілмеген сұрақтар жеткілікті. Демографиялық мәселелерді шешуге бағытталған мемлекеттік бағдарламалар болғанымен, көңіл көншітпейді. Бұл туралы Сенат депутаты Әсем Рахметова Үкімет сағатында хабарлады. Тууды ынталандыру, өлім-жітімді азайту, халықтың санын көбейту керек деген бос ұрандардан бас тартатын кез келген сияқты.
Демографиялық болжамдарды дұрыс жасай алмағандықтан, немесе ұзақ мерзімге жасалған болжамның уақытылы жаңармауынан Қазақстан әлі де қуып жету процессінде келе жатыр. Сондықтан қолданыстағы бағдарламаларды кешенді түрде қайта қарастыру өте орынды шешім. Себебі саясат дегеніміз – ауқымды мәселелердің алдын алу.