Қызылордалық белгілі экс-депутат Руслан Есеновтың келіні жұмбақ жағдайда қаза тапқан. |
21 шілде күні 25 жастағы Зерде Әбутәліпованың денесі Тереңөзек ауданындағы үйінен өлі күйінде табылған, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы "Көреміз" бағдарламасына сілтеме жасап.
Қора маңында асылған келіншекті алғыш болып енесі мен күйеуі көрген. Марқұмның анасы қызының жағдайы қайынатасы дүниеден өткеннен кейін нашарлай бастағанын айтады.
"Құдамыз ауданға белгілі меценат-кәсіпкер, өте ақжарқын кісі. Ол туралы жаман айта алмаймын. Қызымды ұзатқан соң, құдам жақсы қарады, жағдайы жақсы болды, өз қызындай қарады. 2022 жылы қазан айында құдамыз кенеттен қайтыс болғаннан кейін қызымның жағдайы нашарлай бастады. Қызым хабарласып, "мама атам қайтыс болғалы барлығы маған құл сияқты қарайды" деп айтып жүрді. Қызым көп хабарласпайтын, үйдің тірлігінен қолы тимейтін. Қайынапасы Фатима мен 8 сынып оқитын қайынсіңлісі қызыма мал деп айтып, күн көрсетпеген. Енесі қызыма "менің енемнен көрмегенім жоқ, сен соны көресің" деп айтады екен", — дейді марқұмның анасы.
Зейнептің анасы қызының қайтыс боларының алдында үйлерінде немерелерінің ауырып қалуына байланысты үлкен дау-дамай болғанын да айтты.
"Қызым екі баласы ауырып, ауруханаға жатады. Бірақ күйеуі мен енесі саған кім рұқсат берді деп алып кетеді. Мен енеме хабарласып, "мама барыңызшы, ана балалардың температурасы түскен жоқ, бірақ күйеуі мен енесі алып кетті", деп айтамын. Енем барады, айқай-шу болып, ол кісілер сендер араласпаңдар деп айтады. Қайтадан қызым балалармен ауруханаға 3 күнге жатады, бірақ енесі де, қайынапасыда, күйеуі де тағы да тыныштық бермеді. Ауруханадан шығатын кезде қайным қызымды ата-әжесінің үйіне апарады. Жарты сағат көлемінде күйеуі алып кетеді", — дейді Гүлжан Берікболова.
"Қарындасыммен сөйлескенде бәрінен шаршадым ажырасам деп айтты. Мен ажырас, кім ажыраспай жатыр дедім. Бірақ, 20 шілде күні түсте күйеуі үйден әкетті. Келесі күні қаралы хабар келді. Қайғылы жағдайды ауылдағы таныс жігіттен естідім. Барсам, полиция қызметкерлері тұр екен. Жедел жәрдем келіп кеткен. Қарындасымды барып көрдім, жерде жатыр екен. Бетін ашсам, сол жақ шекесі көгерген, мойнында қолдың ізі тұр екен", — дейді марқұмның ағасы.