Бас көлік прокуратурасының кеңейтілген алқа отырысында өткен жылдың жұмысы қорытындыланды. Онда Алматы қаласының метрополитенін салу кезінде 5 млрд теңгеден астам қаржыны жымқыру дерегін тергеу аяқталғаны белгілі болды. |
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Қазақпарат-қа сілтеме жасап хабарлайды.
«Метрополитен» КМК, «Алматыметроқұрылыс» АҚ лауазымды тұлғалары мен басқа да тұлғаларға қатысты 5 млрд теңгеден астам сомаға бюджет қаражатын жымқыру және Алматы қаласының метрополитенін салу кезінде жалған шот-фактуралар жазып беру деректері бойынша тергеу аяқталды. Қылмыстық ісматериалдары сотқа жолданды», — делінеді прокуратураның хабарламасында.
Айта кетейік, «Метрополитен» КМК-да 5 млрд теңге жымқыру дерегі бойынша тергеу 2023 жылы 28 тамызда аяқталды. Тергеу нұсқасы бойынша күдіктілер Алматы қаласының жаңа метрополитен желісін салу кезінде үлкен басқару функцияларына ие болған. Дәл осы өкілеттіктер оларға қылмыстық жағдай жасап, 5 млрд теңгені ұрлауға мүмкіндік берген. Ол үшін олар жалған баға ұсыныстарын жинауды ұйымдастырған және соның негізінде жабдықты бағадан 10 есе жоғары бағамен сатып алу сметасы жасалған. Кейін ұрланған ақшалар жалған кәсіпорындар арқылы қолма-қол ақшаға айналып отырған.
Ұрланғанды қайтару үшін қымбат үш пәтер, Алматыдағы офистік кеңсе, Алматы облысында жер учаске, люкс автокөліктер, брендті сағаттар және күдіктілердің басқа да активтеріне арест салынды.