Sunday 24th of November 2024 10:53:58 AM

"Жылайтындар жылай берсін, менің уақытым жоқ": Наркенже Серікбаева күйеуінің қазасын қалай қабылдағанын айтты

Дәстүрлі әнші Наркенже Серікбаева екінші күйеуінің қазасынан кейінгі жай-күйімен бөлісті.

Бұл туралы ол "Пікір Like" YouTube арнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

"Біз бірге тұрған 4 жыл 7 айдың өзі аз уақыт емес. Осы уақыт аралығында маған 40 жылға татитын бақыт сыйлап кетті. Ең бірінші айырылғанымды білгенде жаман күйде қалдым. Мына өмірде мен енді жоқпын деп ойладым. Бірақ, адам өздігінен ол жаққа кете алмағаннан кейін, амал жоқ өміріңді сүреді екенсің. Өйткені, артыңда қызың, жиен немерең бар. Әйтпесе, күйеуім дүниеден озғанда неше түрлі ой келді. Бірақ, осы жағдайдан кейін қазір менің ішімде алпауыт күш пайда болды. Ол күшті ешкімге айтып жеткізе алмаймын. Мен Алла қандай сынақ берсе де шыдаймын, төземін деп жүрген адам едім. Бірақ, Хамиттің қазасы оңайға соққан жоқ. Қазір ішімде мен сынбауым керек деген алай-дүлей бар. Қазіргі өмірім құдайға шүкір, жақсы. Мен жылайтындар жылай берсін деймін. Менің жылауға, артыма қарауға дым уақытым жоқ. Бүгін Хамит кетсе, ертең менің қасымнан кететінін Құдай біледі. Мүмкін, мен өзім кетіп қалатын шығармын. Сол үшін кез келген дүниеге дайын болып, көп нәрсеге үлгергім келеді", — дейді ол.

Еске сала кетейік, өткен жылдың қыркүйек айында Наркенже Серікбаеваның екінші күйеуі өмірден өткен болатын. Әншінің марқұм күйеуінен бір қызы бар.