Павлодар облысында 59 жастағы ер адам әйелінің басынан көсеумен ұрған. |
Сотта зардап шеккен әйелдің айыпталушыға ешқандай шағымы болған жоқ, деп хабарлады Caravan.kz медиа-порталы Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.
Қылмыстық іс Екібастұз қалалық сотында қаралды. Іс материалдары бойынша биыл мамырдың басында Марғұлан ауылында ерлі-зайыптылар сөзге келісіп, арты жанжалға ұласты. Әйел оған балағат сөздерді айта бастаған кезде күйеуі ашуланып, пештің жанында жатқан көсеуді алып жұбайының маңдайына соққы жасаған. Жәбірленуші алған жарақаттардан құлағаннан соң ұрып-соққылар жалғасты. Медициналық сараптамаларға сәйкес әйел адамның денсаулығына ауыр зиян келтірілген.
Сотта айыпталушы өз кінәсін мойындады, ал жәбірленушіде материалдық және моральдік сипаттағы шағымдары болған жоқ.
"Ер адам ҚР ҚК-нің 106-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты ҚК-нің 55-бабының 4-бөлігін қолдана отырып жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. Оған ең төменгі қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтей отырып, бір жыл алты ай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалсын", – делінген сот үкімінде.
Айта кетейік, сот-наркологиялық сараптаманың қорытындысы бойынша 59 жастағы ер адамның алкоголді ішуден туындаған психикалық және мінез-құлық бұзылыстарымен ауыратыны белгілі болды. Осыған байланысты ҚР ҚК-нің 91-бабы 1-бөлігінің 4- тармағының және 98-бабы 2-бөлігінің негізінде оған бас бостандығынан айыруды өтеу орны бойынша психоактивті заттарды қолдануға байланысты психикалық, мінез-құлық бұзылыстарынан мәжбүрлеп емдеу тағайындалды.