Thursday 13th of February 2025 12:42:23 PM

«Болашақ» мемлекеттік қызметкерлердің академиялық туризм бағдарламасына айналып бара жатыр

Шенеуніктерге шетелде тағылымдамадан өтуге, тіл курсы мен магистратурада оқуға басымдық беріледі

Салтанат Джаненова, Бристоль университетінің мемлекеттік саясат бойынша дәріскері

«Болашақ» бағдарламасына енгізілген соңғы өзгеріс шенеуніктерге салық төлеушілер есебінен тағылымдамадан өтуге, тіл курсы мен магистратурада оқу үшін шетелге сапарлауға басым құқық береді. Бұл артықшылық оларды басқа азаматтардан биік қояды, сонымен қатар президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бюджетті «жаппай үнемдеу» және мемлекеттік қызметкерлердің «академиялық туризміне» жол бермеу туралы тапсырмасына қайшы келеді.

« Болашақ » бағдарламасы бойынша ғылыми тағылымдама талай сынға ұшырады. 2024 жылғы қыркүйектегі жолдауында президент Қасым-Жомарт Тоқаев оны «әншейін синекураға және академиялық туризмге» айналдырмау керек деді.

Соған қарамастан мемлекеттік қызметкерлер осы бағдарлама бойынша артықшылық алуын тоқтатқан жоқ. Біріншіден, 2024 жылы наурызда шетел университеттері мен ғылыми-зерттеу орталықтарында тағылымдамадан өтуге болатындардың тізімі «мемлекеттік қызметкерлер» деген жеңілдігі бар санатпен толықты. Тағылымдама ұзақтығы 1 жылға дейін жалғасады.

Екіншіден, 2025 жылғы 2 ақпанда «Болашақ» стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу қағидасына өзгеріс күшіне енді. Олар шенеуніктерге шетелде жеңілдікпен тіл курсынан өтуге және магистратурада оқуға оңай жол ашып берді.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек барлық жерде Қазақстанда шетелдік жоғары оқу орындарының 27 филиалын ашу жоспары туралы айтып жүр, оның жетеуі жұмысын бастап та кетті. Әйтсе де, министрлік пен «Болашақ» операторы Қазақстанда тіл үйретуге жағдай жасалса да, мемлекеттік қызметкерлерді шетелге қымбат тіл курстарына жібермекші.

Шетелде бір жыл тіл үйренудің құны магистратурада оқу бағасымен шамалас. Оның үстіне әуе жолымен қатынауды, әр стипендиатқа ай сайын 2000 долларға жуық шәкіртақыны қосыңыз.

Бюджет ақшасын елде қалдырып, бюджет дағдарысы кезінде отандық университеттерді қолдаудың орнына, министр бюрократия пайдасына тиімсіз шешім қабылдайды. Шенеуніктердің шетелде тіл курсын оқуы — «академиялық туризмді» салық төлеушілер есебінен жүзеге асыру дегенді білдіреді.

Үшіншіден, шенеуніктер магистратурада білім алу үшін «Болашақ» стипендиясына басымдыққа ие үміткерлер санатына кіріп отыр. Демек, барлық жағдай бәрінде тең болса да, шетелге мемлекеттік қызметте лауазымы бар үміткер кетеді деген сөз. Құжатқа сәйкес, бұл өзгеріс «Болашақ» бағдарламасын және экономиканың түрлі саласына жоғары білікті маман дайындауды жетілдіреді.

Алайда, бұл жерде министрге орынды сұрақ туады:

- Шенеуніктерді өзге азаматтардан жоғары қоятын басымдығы бар санатқа кіргізуге негіз болған не нәрсе?

- Мемлекеттік қызметкерлер неліктен өзге кандидаттармен бірдей жағдайда конкурстан өтпеуі керек?

- Шетел университеттерінде және ғылыми-зерттеу орталықтарында тағылымдамадан өткен мемлекеттік қызметкерлер ғылымға қандай үлес қосады?

«Public servant» (халыққа қызмет етуші) дегеннен шыққан мемлекеттік қызметкер түрлі жеңілдік пен бенефит алудан қарапайым азаматтардан басым түспей, қоғамға қызмет етуі керек. Мемлекеттік қызметкерлерді «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде оқытуға қатысты бұрынғы практика әлсіз екенін көрсетті, бұны Асхат Аймағамбетов басқарған кезеңде уәкілетті органның бұрынғы басшылығы мойындады. 2019 жылы мемлекеттік қызметкерлерге арналған квотаның күші бюджет ақшасын үнемдеу және мамандарды жекелей алып дайындау үшін жойылды.

Үкіметтің 2025 жылғы 28 қаңтардағы кеңейтілген отырысында Тоқаев мемлекеттік аппаратқа арналған сөзінде былай деген еді: «Үкімет қаншалықты қиын болса да, жаппай үнемдеуге көшіп, бюджет қаржысын тек қана аса өзекті мәселелерді шешуге жұмсауы керек. Көрпеге қарай көсілетін уақыт келді. Орынсыз шығынды тоқтатып, аяғымызды тартып басу қажет».

«Болашақ» бағдарламасының жаңа өзгерістері әлеуметтік әділет принципін бұзады және Қазақстанның Конституциясына сәйкес келмейді, өйткені «Болашақ» бағдарламасы бойынша іріктеуден өткен кезде қызметтік дәрежесіне қарай алалауға жол беріледі.

Соған қарамастан, министр президенттің «Болашақ» бағдарламасына қатысты «академиялық туризм» туралы сынын және оның бюджетті жаппай үнемдеу туралы тікелей тапсырмасын елемей отыр немесе елегісі келмейді.

«Болашақ» бағдарламасы — азаматтар үшін бірегей әлеуметтік саты. Оны әлдебіреулердің саяси амбициясын қанағаттандыратын және «сыйға — сый» (латыннан «quid pro quo») принципімен айырбас құралына айналдыруға еш болмайды.

Менің ойымша, «Болашақ» бағдарламасын былай жетілдіруге және бюджет ақшасын үнемдеуге болады:

- Мемлекеттік қызметкерлерді тіл курсына шетел университеттерінің Қазақстандағы филиалдарына және тиісті жағдай жасалған отандық жоғары оқу орындарына жіберу;

- Мемлекеттік қызметкерлерді мемлекеттік басқару және мемлекеттік саясат бойынша магистратура бағдарламаларын оқуға Қазақстан Республикасы президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына және Назарбаев университетіне жіберу (квотаны көбейту). Олардың халықаралық аккредитациясы және «мемлекет басқару» пәні бойынша шетелдік серіктестері бар.

- Шетел университеттерінде және ғылыми-зерттеу институттарында тағылымдамадан өту бағдарламаларынан «мемлекеттік қызметкер» санатын алып тастау.

- Кәсіп түріне және қызмет дәрежесіне қарамастан барлық кандидатқа тең жағдай жасау үшін магистратура бағдарламасы бойынша «Болашақ» стипендиясын алу конкурсынан «мемлекеттік қызметкер» санатын алып тастау.

- Үнемделген бюджет қаржысын аймақтағы университеттердің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға жұмсау (жатақханаларды, ғылыми зертханаларды, компьютер сыныптарын модернизациялау).

Власть — это независимое медиа в Казахстане.

Поддержите журналистику, которой доверяют.

Мы верим, что справедливое общество невозможно построить без независимой журналистики и достоверной информации. Наша редакция работает над тем чтобы правда была доступна для наших читателей на фоне большой волны фейков, манипуляций и пропаганды. Поддержите Власть.

Поддержать Власть