Monday 7th of October 2024 12:25:38 PM

Маңғыстау өңірінің аудандарына ғарыштан мониторинг жасалады

Маңғыстау облысында заңсыз қоқыс шығару мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Бірнеше жыл бұрын Ақтау және Жаңаөзен қалаларында, сондай-ақ олардан 50 шақырым радиуста заңсыз қоқыс орындарын анықтау үшін ғарыштан түсірілім жасау іске қосылды. 2024 жылдан бастап мұндай түсірілімдер аудан орталықтарында да жүргізілетін болады.

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Қазақпарат-қа сілтеме жасап хабарлайды.

Ғарыштан жүргізілген мониторинг нәтижесінде биылғы мамыр айының басынан өңір аумағында 111 полигон табылды, оның 9 – Ақтауда, 66 – Жаңаөзенде, 30 – Мұнайлы ауданында, 6 –Түпқараған ауданында. Қазіргі уақытта бейберекет қоқыс алаңдарының 84-і жойылды, бұл жоспарланған жұмыстардың 76% құрайды.

«Ағымдағы жылдың қазан айында Жаңаөзенде рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін тазарту үшін «Asu Oil Trade» ЖШС мердігерімен 170 миллион теңге сомасына келісімшарт жасалды. Олар 35 гектар аумақта 13 380 тонна қоқысты өңдеуі қажет. Сондай-ақ желтоқсан айында Ақтауда рұқсат етілмеген қоқыс қоймаларын тазарту жұмыстары үшін сол мердігермен 84 миллион теңгеге келісімшартқа қол қойылды. Мұнда 2,5 гектар аумақта 40 000 тоннаны өңдеу жоспарланған», — делінген әкімдік мәліметінде.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабына сәйкес 2021 – 2023 жылдар аралығында 99 адам жалпы сомасы 4 524 000 теңгеге айыппұл төлеуге міндеттелген. Сондай-ақ осы кодекстің 434-бабының 2-тармақшасы бойынша 7 461 адамға жалпы көлемі 88 738 000 теңге айыппұл төлеу жүктелді.

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев әкімдікте заңсыз қоқыс үйінділерін жою бойынша кеңес өткізді. Айтуынша, әртүрлі жерлерде пайда болатын полигондар өңір аудандарының сыртқы келбетіне ғана емес, қоршаған ортаға да кері әсер етуі мүмкін. Сол себепті әрбір тұрғынды бұл мәселеге жауапкершілікпен қарауға шақырды.